Айтуар Пұсырманов (1760-1837), Сәмек-Бәсентиін болысының биі, старшыны.
Жаңа билік. Қызметте.
Айтуар би Пұсырманов Сәмек-Бәсентиін руындағы өз айналасымен ХVІІІ ғасырдың аяғында жаңа билік – Ресей империясына ант беруді бастаған. 1810 жылы қағазға түскен дерек бойынша, Айтуар Пұсырманов Сәмек-Бәсентиін болысының старшыны. Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатында А.Пұсырмановқа Ресей армиясының поручик және капитан әскери шені берілгені жайлы, сондай-ақ, оған жалақы тағайындау туралы екі құжат (1813, 181жж.) сақталған.
Бұлардың ішінде 1813 жылы жасалған, 11 беттен тұратын құжат қызығушылық тудырады.
РФ мемлекеттік тарихи мұрағатындағы тізбенің фрагменті (Санкт-Петербург)
ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында (1834 ж.) А.Пұсырмановтың мөрінің таңбасы сақталған. Бұл жерде белгілі сұлтан Бөлен Шаншаровтың Айтуарға қарағанда шені үш сатыға төмен екенін көреміз, осының өзі А.Пұсырмановтың ұзақ уақыт қызмет істеп, еңбегі ереше болғанын көрсетеді.
Мұрағаттық фотосурет. 1834 жыл. А.Пұсырмановтың мөрі.
1805 жылы патша ағзам Александр бірінші шет ел істері коллегиясы арқылы сұлтандар Пішен және Тәтен Ұрысовтарға «…Маралды жерінде өзіне бағынышты қырғыздармен көшіп-қону және астық өсіру үшін жер өңдеу» жайлы рұхсатнама беріпті.
Кейінірек, 1833 жылы жазылған Тәтен Ұрысовтың әйелінің хатында осы шешімге байланысты мынадай анықтама жүр: «…Подстепный редутына қарсы Маралдыдан 30 верст жерде, ел тұратын жақта жер игеру туралы Жоғары Мәртебелінің пәрменін орындау жөнінде, ол жерлер сұлтандар, титулярный советник Пішен Ұрысов және капитан Ханқожа Тәтенов, сондай-ақ, 9 класты Айтуар Пұсырмановқа ортақ». (9 класс – 1722-1917 жылдар арасындағы азаматтық шен, армия капитаны дәрежесінде).
Осыған қарап, Маралды жері сұлтандар Ұрысовтар мен Сәмек руының біразының меншігі екендігі 1834 жылы заңдастырылғанын байқаймыз. Орыс офицерлері өздерінің 1834 жылғы жазбаларында: «… бұл көл орысша Ключевское-соленое, қырғызша (қазақша) Маралды деп аталады» деп жазады. ХVІІІ ғасырдың ортасында бұл жерлер жоңғарлардан босағасын, қазақтардың жылқылары Ертістің оң жағалауына шығатын болады. 1788 жылғы жасалған құжатта (ведомость) Сұлтанбет сұлтан өзіне қараған қырғыздармен (қазақтармен) Ертістің оң жағалауына жаз жайлауға 160 000 бас жылқы өткізіп отырған. Сол уақыттарда осы төңіректе маралдар болып, көлді жергілікті қазақтар көлді сол себептен Маралды деп атаса керек.
Мұрағаттық фотосурет. Жанкүміс Тәтенованың хатынан фрагмент. 1833 ж.
1832 жылғы мал-жан санағының мәліметі бойынша, А.Пұсырмановтың иелігінде 50 шаңырақтан тұратын 7 ауыл болғаны жазылады. Бұл ауылдарда ересек адамдардан 105 еркек, 144 әйел болған. Барлық мал саны – 900 бас жылқы, 100 ірі қара, 950 қой.
Мұрағаттық құжат. 1832 ж.
Құжаттарда 1840 жылы ауыл старшыны ретінде Айтуардың үлкен ұлы Тоқпан көрсетіледі. Осыған қарап, Айтуар Пұсырманов 1834-1840 жылдар арасында қайтыс болды деген болжам жасауға болады.
Аты белгілі ұрпақтары
Айтуардың ата-тек тізбесі: Айтуар-Пұсырман-Бекболат-Сәмек-Маңдай-Кержолымбет-Көкшекөз-Бәсентиін-Қарасопы… -Арғын.
Айтуардың бәйбішесінен 3 ұл: Тоқпан, Шоқпар, Байбол. Кейінгі екі әйелінен: Құттықадам, Байқадам, Шонакөт, Күшікбай, Жарқын.
Тоқпан Айтуаров 1824 жылы-ақ прапорщик шеніне ие болған. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, 1840 жылы Тоқпанның иелігінде 55 шаңырақтан тұратын бір ауыл, 83 ер адам, 90 әйел болған. Мал басы: жылқы – 3000, түйе – 32, ірі қара – 330, қой – 2200.
Мұрағаттық фотосурет. 1840 ж.
Осы жылдары оның туыстары Шоқпар және Ермек Шілікбаев Сәмек руының билері болып сайланады. Шоқпарға қараған ауылда 10 шаруашылық, 25 ер адам, 26 әйел болған. Мал басы: 800 жылқы, 8 түйе, 70 ірі қара, 1025 қой.
Мұрағаттық фотосурет. 1840 ж.
Мұрағатта сондай-ақ Тоқпан Айтуаровтың мөрі сақталған.
Мұрағаттық фотосурет. 1834 ж.
1852 жылы Ханқожа Тәтеновтың Баянауыл сыртқы округіне аға сұлтан болып сайлануына байланысты, Тоқпан Айтуаров Сәмек-Бәсентиін болысының басқарушысы болып сайланады.
Тоқпан Айтуаровтың 1852 жылғы формулярлы тізімінен көшірме:
Тоқпан Айтуаров – 14 кластық дәрежесі бар, Баянауыл округі, Сәмек-Бәсентиін болысының басқарушысы, жасы 52-де, мұсылман дінінде. Айырма белгісі жоқ. Жалақысы – 42 руб. 88 тиын күміспен. Ешқайда оқымаған. Ыждахатты қызметі үшін 14-інші класты шенмен және 1824 жылы 6-ыншы мамырда қылышпен марапатталған. Сұлтан Тәтеновтың аға сұлтан болып сайлануына байланысты, халық қараусыз және әрекетсіз қалмас үшін, шекара бастығы мырзаның бекітуімен 1851 жылдың 4-інші тамызынан болысты басқару міндеттелген. 1852 жылдың 11-інші қаңтарынан қырғыз (қазақ) халқының сайлауымен және шекара бастығы мырзаның бектуімен Сәмеке-Бәсентиін болысының басқарушысы қызметін бастаған. Сотталып және тергеуде болмаған. Орын Садыроваға үйленген, балалары бар. Уәли – 1838 жылы 1-інші нарызда туған; Мұхаммет-Шәли – 1844 жылы 14 мамырда; Хадиша – 1836 жылдың 14-інші қазанында туған. Әйелі мен балалары өзінің жанында.
1869-78 жылдар арасында болыс басқарушысы Тоқпанның туысы Смайыл Шоқпаров (Шоқпар – Тоқпанның інісі-автор). 1878 жылы болыс атауы Маралды болып өзгереді.
1869 жылы Шоқпар бидің қайтыс болуына байланысты Сәмек руының биі болып оның інісі Байбол сайланады.
1880 жылғы мәліметке сүйенсек, Маралды болысындағы Сәмек руынан үш адам: Смайыл Шоқпаров, Шампат Байболов, Бегім Ермеков (би Ермек Шілікбаевтың баласы) би болып сайланады.
Омар Тоқпанов (Айтуардың немересі) әр үш жыл сайын (1883, 1889, 1898, 1901 жж.) болыс басқарушысы Бәстеми Тәтеновтың орынбасары болып сайланып отырған. Осы жылдары Смайыл Шоқпаров Омар Тоқпановпен кезек ауысып, өз ауылының биі болып сайланып отырғанын көреміз.
1883 жылдан Ыбырайым Байболов Жаманқора ауылының старшыны. 1903 жылы оны туысы Әбен Байболов алмастырады.
Шәріп Шоқпаров Мекке-Мәдинеге қажылыққа барған адамдардың 1905-інші жылғы тізімінде жүр. 1909 және 1913 жылдары ағайынды Бұқарбай және Тоқтамыс Күшікбаевтар Сауд Арабиясына барып, қажылық парызын өтеген.
1908 жылы Смайыл мен Омарды Айтуаровтардың үшінші буыны алмастырады. Сол жылы және 1912 жылы ағайынды Жәлел және Әужан Шампатовтар ауыл биі болып сайланады.
1910 жылғы Переплетчиков экспедициясының мәліметі бойынша, Айтуаровтар екі ауылды жайлап отырған. Бірі – Жаманқора, Маралды көлінің бастыс жағында; екіншісі – Жылыбұлақ, көлдің солтүстік-шығыс бетінде.
Мұрағаттық фотосурет. 1910 ж.
Байболовтардың ауылында (ауыл старшыны Әбен Байболов) – 13 шаруашылық. Шоқпаровтардың ауылында (ауыл старшыны Тұрсынхан Тыран) – 9 шаруашылық. Барлық шаруашылықта 52 жылқы, 200 ірі қара, 2091 қой болған. Сол уақытта бұл ауылдар орташа дәулетті болып саналған және негізінен қой өсіруге көбірек мән берген.
Әулеттік қорым
Айтуар мен оның балалары және немерелері Маралды көлінің батыс жағындағы Жаманқораға (1926 жылдан Төлебай ауылы) таяу әулеттік қорымнан мәңгілік мекен тапқан.
1926-29 жылдардағы карта бойынша мен Айтуаровтар қорымының орнын анықтауға қол жеткіздім,.
1926 жылғы карта
1929 жылғы картаның схемасы
1947 жылғы карта
Қосымша генеалогиялық мәліметтер
Айтуар ұрпақтарының шежіресін зерделей зерттеудің нәтижесінде, ата-тек тізбесіндегі бұрындары еш жерде жарияланбаған және кейбір жоғалып кеткен мәліметтерді қалпына келтіруге қол жеткіздік. Мүмкін осы мақаланы оқыған Сәмек руының кейбір адамдары төмендегі тізбеден өздерінің ата-бабаларын, туыс-туғандарын кездестіріп қалар.
1.0. Айтуар
1.1. Тоқпан
1.1.1. Уәли
1.1.2. Мұхаммет-Шәли (Шәли)
1.1.2.1. Солтан
1.1.2.1.1.Хамит
1.1.3. Омар
1.1.3.1.?
1.1.3.2.?
1.2. Шоқпар
1.2.1. Смайыл
1.2.1.1 Омар
1.2.2. Шаріпқажы
1.2.2.1.Мұхит
1.2.2.1.1.Қанаш
1.2.2.1.2.Солтан
1.2.2.1.2.1.Баязит
1.3. Байбол
1.3.1.Шампат
1.3.1.1 Біләл
1.3.1.2. Әужан
1.3.1.2.1.Хасын
1.3.1.3. Жәлел
1.3.1.3.1.Қайролла
1.3.1.3.1.1.Рашит
1.3.2. Ошкан (Окаш)
1.3.2.1.Сағит
1.3.2.1.1.Қабиден
1.3.2.1.2.Қабыкен
1.3.3. Әбен
1.3.3.1. Сейтім
1.3.3.1.1.Мәжит
1.3.3.1.2.Насыр
1.3.4. Ыбрайым
1.3.4.1.Тасболат
1.3.4.2.Жүкен
1.3.4.3.Жақия
1.3.4.4.Самат
1.4. Күшікбай
1.4.1. Тоқтамыс қажы
1.4.2.Бұхарбай қажы
1.4.3.Мұсақожа
1.4.3.1.Мейірман
1.4.3.2.Смағұл
1.4.3.3.Жұмағұл
1.5.Кұттықадам
1.5.1.Ыбырайым
1.5.1.1.Мұқажан
1.5.1.1.1.Омар
1.5.1.1.2.Оспан
1.5.1.1.3.Шәріп
1.5.1.1.4.Сейітбаттал
1.5.1.2.Кұдайберген
1.5.2.Рақманқұл
1.5.2.1.Ыдырыс
1.5.2.2.Сарсемби
1.5.3.Ережеп
1.5.3.1.Мақатай
1.5.3.2.Әлмағамбет
1.5.3.3.Сәбит
1.6. Байқадам
1.7. Шонакөт
1.7.1.Ақкісі
1.7.1.1.Айдош
1.7.1.2.Ысқақ
1.7.1.3.Райыс
1.7.2.Байкісі
1.7.2.1.Мұқажан
1.7.2.2.Мешітбай
1.7.3.Иса
1.7.3.1.Омар
1.7.3.1.1.Әйтім
1.8. Жарқын
1.8.1.Әлібас
1.8.1.1.Садық
1.8.1.2.Қасым
1.8.1.2.1.Кәрім
1.8.1.2.2.Қабдым
1.8.1.3.Оспан
Түйін
Өз заманының белгілі рубасы, биі және патша армиясының капитаны шені бар Айтуар Пұсырманов пен оның ұрпақтарының тарихы Маралды жерінде ХІХ ғасырда орын алған тарихи оқиғалармен сабақтас өрбиді. Сондықтан да, бұл зерттеу туған өлкеміздің, оның ішінде Павлодар облысы Шарбақты ауданының тарихын қалпына келтіруде айтарлықтай үлес қосады деп білемін.
Дәурен Аяшинов, тарихшы, өлкетанушы